22.07.2018 18:45

346.68
404.02
51.15
5.1
5.47
72.23


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің 2 жылға кейінге шегерілуінің себебі не?

Сәрсенбі, 14 Ақпан 2018 17:20

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі жылға кейінге шегерілді. Бұған не себеп болды?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2018 жылдан бастап қолданысқа енуі тиіс болатын. Бірақ мемлекет басшысының "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" 2,7 млн тұрғынды сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасынан кейін реформаны енгізу мерзімі екі жылға шегерілді. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу бір ғана министрліктің қолынан келетін шаруа емес. Бұл тұтас үкіметтің мойнындағы міндет. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу қажеттігі жайлы парламентте сақтандыру туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілген тұста да айтылды. Қор да аталған санаттағы азаматтарды сақтандырумен қамту мәселесінің қиындық тудыратынын айтқан болатын. 

МСҚ үшін оларды сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен тарту тетіктерін қарастыру қажет болды. 2020 жылға дейінгі өтпелі кезең дәл осы мақсатта енгізілген болатын. Бірақ соның өзінде олар медициналық көмектен қағылмаған-ды. Яғни, аталған санаттағы азаматтардың кепілдендірілген тегін көмекке қосымша амбулаторлық және жедел стационарлық көмек сынды өзге де қызметтерді ақысыз пайдалануына болатын еді. Сіз айтпақшы, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарға ең төменгі мөлшерде жарна төлеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілді. Мысалы, жарна төлемеген адамның өзі сырқаттанып қалса бір жылдың қарызын өтеп, сақтандыру пакетін тегін пайдалана алады.

Дегенмен 2021-2022 жылдарға дейінгі екі жылдық өтпелі кезең жаңа заңда да сақталады. Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі кешенді түрде шешуді талап етеді. Мұны мемлекет басшысы да айтқан болатын. Бұл мәселені шешіп, қызметін заңдастырмағандарды көлеңкелі айналымнан шығару үшін цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, тұрақты жұмысы жоқ, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарды экономикаға тарту шараларын қолға алуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттің қолдауына шынымен зәру азаматтардың нақты саны анықталады. 

 

Жүйе екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

Қордың алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын елімізде Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отырады. Нақтырақ айтар болсақ 916 млрд теңге. Биылдан бұл қаржы бұрынғыдай министрлік жүйесі арқылы емес, Қор арқылы беріледі. Өйткені Қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарып келген болатын. 2018 жылы аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан МСҚ қазір заңда көрсетілген міндетін атқарып жатырмыз.

Сонымен қатар, қор қыркүйек айында аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 43 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен бедел жинаған клиникалардың қызығушылық танытып отырғанын білдіреді.

 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Жарна төлеу тәртібінде қандай өзгерістер бар?

Жарна төлеу тәртібі өзгерді. Қолданыстағы заң бойынша, биылғы жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып жатқанын білесіз. Жаңа заң бойынша жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Осы жерде жарнаның жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударым жасауды тоқтатпайды.

Ал, енді жеке тұлғалар қашан төлейді? Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Есіңізде болса, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда осындай келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуы тиіс-ті. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән беріп, нәтижесінде келісімшарт негізінде еңбек ететіндердің жарнасы едәуір төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%, ал, 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылады.

Төлемді кез келген екінші деңгейлі банктер немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы аударуға болады (басқа да әлеуметтік төлемдермен қатар).

 

Білуімізше, 10 млн жуық адам келер жылдан бастап бюджет есебінен сақтандырылуы тиіс болатын. Мемлекет жарнаны қай кезден бастап төлейтін болды?

Иә, мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған,  тұрмысы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елімізде тұратын он миллионға жуық адам мемлекеттің қамқорлығына алынбақ. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы. Яғни, 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% құрамақ. Ендеше, бұл медициналық сақтандыруды енгізу арқылы мемлекет ұлт саулығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдесе керек.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper