24.01.2019 06:14

378.54
429.79
55.82
5.43
5.72
71.19


Қант диабетінен сақтану жолдары қандай?

Жұма, 16 Қараша 2018 11:39

14 қараша – Дүниежүзілік Қант диабетіне қарсы күрес күні.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қант диабетінің тырнағына ілінген 309 мыңға жуық адам тұрады. Осыдан бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 208 мыңның төңірегінде болатын.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

«Ұлттық қант диабеті реестрінің мәліметінше, сусамырға шалдыққандар саны осы уақыт ішінде 100 мыңға көбейген. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік көрсеткіштің де бірнеше есе өскенін хабарлайды. Мәселен, 1980 жылы дүниежүзі бойынша 108 миллион адам аталған диагнозбен тіркеуде тұрған болса, 2015 жылы олардың саны 422 миллионға жеткен», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Қазақстандағы диабет ауруына шалдыққандардың 291 мыңы – екінші типтегі диабетпен ауырады. Оның 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.

Доктор Крис Федтнердің пікірінше, қазіргі адамдардың эпидемияға энергияны аз жұмсап, калорияны шектен тыс көп қолданатын өмір салты кінәлі. Қарыштап дамыған технологиялар қолмен атқарылатын жұмысты азайтып, адам еңбегін станоктарға алмастырды. Отырып жұмыс істейді, артық тамақ жейді, жаяу жүрмейді.

«Диабеттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет», - дейді КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры.

Соңғы кезде әлем елдері диабеттің алдын алуға барынша күш салып жатыр. Бірқатар мемлекеттерде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрлерін сатуға тыйым салынған. Немесе зиянды тағамдарға көп салық салынады.

Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, транс-майлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион евро түскен. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнімдерді азайтып, пайдалы тамаққа бет бұрған.

Ал, Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елдерде қант салығы қолданылады. Биыл сәуір айында Британия билігі де қант салығын салды. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқанда, құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитрге 5 грамнан тура келетін сусындар бар. Көп ұзамай Fanta сусындардағы қант мөлшерін 6,9 грамнан 4,6 грамға дейін төмендетті. Өкінішке қарай, заңды айналып өтетін, қант орнына қант алмастырғыш пайдаланатын компаниялар да жетіп артылады. 

Биылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, енгізілген жаңа стандарттар балалардың зиянды тағамдарды пайдалануын шектемек. Министр жұртшылықты орын алған кемшіліктер жайында Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне хабарлауға шақырды.

Филиал басшысының айтуынша, Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.

Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.   

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper