26.09.2018 02:57

356.54
419.43
51.86
5.17
5.42
58.13


Жүрек-қан тамыры ауруларын алдын алу үшін не істеу керек?

Жексенбі, 22 Сәуір 2018 18:41

Елімізде жүрек аурулары жасарып барады. Мамандардың айтуынша, қазір 35-тен асқан жастардың арасында жүрегі сыр беретіндер жиі кездеседі. Сондықтан, Еуразия аумағындағы елдер ішінде жүрек-қан тамыры аурулары бойынша Қазақстан алдыңғы орында тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын жүрек-қан тамыры ауруларынан 17 млн адам көз жұмады. Ал отандық мамандар дерттің соңғы 20 жылда елімізде де дендеп бара жатқанын айтады.

Мамандардың дерегінше, жүрек және қан тамыры аурулары өлімге душар ететін дерттердің тізімін бастап тұр. «Жүрек аурулары жасарып барады. Себебі жастар дұрыс тамақтанбайды, адамдардың көбі жүрек және қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын біле бермейді» дейді белгілі кардиохирург Алмат Қодасбаев.

Алматы қалалық кардиология орталығының дирекоры Алмат Тұрысбекұлы: «Дүниежүзі бойынша өлім-жітімнің бірден-бір себебі де осы жүрек қан тамырлары аурулары. Жүрек адам организмінің моторы, түрлі факторлар салдарынан жүрекке күш түседі. Артық салмақ, тамақты көп жеу, майлы тағамдарды көп тұтыну -  жүрекке ауыр тиеді. Шылым шегу де жүрек пен қан тамырларының бітелуіне әкеледі. Әрқандай ауруды алдын-ала анықтап, емдеу керек. Ең дұрысы спортпен шұғылдану».

Кардиохирургтың бұл пікірін денсаулық сақтау саласындағы белді сарапшы Серік Тәңірбергенов те қуаттайды. Айтуынша, жүрек-қан тамыры аурулары елдегі өлім-жітімнің басты себепкері екені рас. «Қазақстанда ауруханаға жату көрсеткіші жыл сайын артып отыр. 2016 жылы бұл көрсеткіш 500 млн артып, 2,8 млн дейін жеткен. Оның 70 пайызы ауруы асқынып, ішкі ағза жұмысы бұзылуына байланысты жеткізілгендер. Оған жыл сайын тіркелетін 7 млн жедел жәрдем шақыртуын қосыңыз. Ал, өлім-жітім құрылымына үңілетін болсақ, бізде қайғылы жағдайларға душар ететін сырқаттардың «үздік» бестігі бар. Олар: жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс жолдарының аурулары, онкология, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің сырқаттары» дейді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры С.Тәңірбергенов. «Отандастарымыздың өліміне себепші болатын осы сырқаттардың төртеуі созылмалы аурулар. Дер кезінде анықтаса емдеуге болатын дерттер. Негізі, адам өмірін қиятындай сырқаттар емес. Өкінішке орай, дәрігерге уақтылы қаралмай, ауруын асқындыру салдарынан азаматтарымыз жарық дүниемен қош айтысып жатады», дейді сарапшы.

Енді не істемек керек? Бұл сұрақтың жауабы жоғарыда айтылған профилактика мәселесіне келіп тіреледі.

«Әрбір адам өз денсаулығына деген қарым-қатынасын өзгертуі тиіс. Тіпті, дені сау азаматтың өзі жылына кем дегенде бір рет дәрігерге қаралып, аурудың алдын алу шараларына көңіл бөлгені жөн. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек шеңберінде тексеруден тегін өтуге болады. Мысалы, флюорография, қан және несеп талдауларын тапсырып, қандағы холестерин мен қант мөлшерін, көз іші қысымын тексерту қажет. Егер қандай да бір ақау табылып жатса осы кепілдендірілген көмек шеңберінде тегін ем-дом қабылдауға болады. Өйткені көптеген созылмалы сырқаттар аталған пакет шеңберінде тегін емделеді. Мұны бір адам істесе білінбес. Ал, елдің бәрін жұмылдырсақ ұлт денсаулығының жақсарары сөзсіз», дейді С.Тәңірбергенов.

Жүрек қан тамырлары ауруларының қандай түрлері бар?

* Жүрек-қан тамырларының жарылуы – жүректегі бұлшық еттерге қан тасымалдайтын тамырлардың зақымдалуы;

* Бастағы қан тамырларының ауруы - миға қан тасымалдайтын тамырдың зақымдалуы;

* Перифериялық артерия ауруы – аяқ-қолға қан тасымалдайтын қан тасымалдаушы тамырларда болатын ауру;

* Ревмокардит – стрептокок бактерияларының шабуылынан болатын ауру (жүректегі бұлшық ет пен жүрек клапанының зақымдалуы);

* Туа біткен жүрек ақауы – жүректің туабітті деформацияға ұшырауы;

* Тамыр тромбозы және өкпе эмболиясы – жүрек пен өкпеге қан тасымалдайтын аяқтағы қан тамырларда қанның ұйып қалуы;

* Инфаркт пен инсульт, әдетте, жүрек пен миға баратын тамырлар бітеліп қалған кезде мазалайды.

Жүрекке қан жетпеген жағдайда қандай аурулар пайда болады?

Жүрек-қан тамыры жүйесінің жұмысы бұзылуы салдарынан мынадай аурулар пайда болады:

  • Варикоз немесе вена қан тамырларының кеңеюі

Бұл ауру көбіне ұзақ уақыт аяғынан тік тұрып жұмыс істейтін адамдарда кездеседі.

  • Жүрек кемістігі

Жүрек кемістігінің екі түрі болады. Ол біреулерде туа пайда болса, біреулерде белгілі бір факторлардың әсерінен жүре пайда болады. Жүректе жүре пайда болған кемістікке көбіне жұқпалы аурулар әсер етіп жатады. 

  • Анемия  

Анемия – қан құрамында эритроциттер азайып, гемоглобиннің кемуінен болады. Ол негізінен көп қан жоғалтусалдарынан, химиялық заттардың, удың әсерінен, бауыр немесе көкбауырдың зақымдануынан, эритроциттердің түзілуіне қатысатын темір, В12 витамині сынды заттардың жетіспеуінен т.б. пайда болады. Ондайда қан оттегіне қанықпайды, зат алмасу процесі бұзылады. Эритроцит азайғанда, жүрек соғысы жиілеп, салдарынан жүрекке күш түседі.

  • Лейкемия

Лейкемия немесе ақ қан ауруы қан құрамында лейкоциттердің тез көбейіп кетуінен пайда болады. Лейкоциттер эритроциттердің түзілуіне кедергі жасайды.  

Жүрек ауруының белгілері қандай?

Жүрегінде ақау пайда болғанын мынадай белгілер арқылы білуге болады: кеуде қуысы ауырып, өзін жайсыз сезіну, қол мен сол жақ иық ауырып, шынтақ, жақ немесе арқада жағымсыз сезім пайда болуы, кейде беті жансызданады, науқастың басы айналып, дем жетпей, жүрегі айнуы мүмкін.

Қандай факторлар әсер етеді?

Мамандардың айтуынша, жүрек ауруына теледидар алдында ұзақ отыру, депрессия, қорылдау, жалғыздық, денеге шамадан тыс салмақ түсіру, спиртті ішімдік пен темекі, тамақты, әсіресе тұзды тамақты шектен тыс көп жеу сынды зиянды әдеттер жүрек сырқатына және сал ауруына шалдықтырады.  

Жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу

Жүрек ауруының алдын алу үшін жеміс-жидек пен көкөніс жеу қажет. Диетаның да адам денсауығы үшін маңызы зор. Күнделікті құрамында қанты бар сусындар орнына қарапайым су ішіп, нан және ұн өнімдерін азайтқан дұрыс. Шекер, май және калория көлемі тым жоғары азықтардың құнарлығы төмен болады. Майлы етті, сүтті тағамдарын, консерві, шұжық, ірімшік, маринадталған тағамдар, балық, шоколад сияқты азықтарды көп тұтынбаңыз. Сонымен қатар, мамандар ашушаңдыққа бой алдырмай, таза ауада жүгіруге кеңес береді. Салмақты бақылауда ұстап, артық салмақтан арылу қажет. Кардиолог мамандардың айтуынша, жүрегіңізді әр 6 ай сайын тексертіп тұруды да ұмытпаңыз.

МӘМС қорының Жұртшылықпен байланыс департаментінің маманымен сұхбаттасқан

Н.САПАРОВ

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper