26.09.2018 15:22

356.54
419.43
51.86
5.17
5.42
58.13


Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелер жетілдіріледі

Сәрсенбі, 24 Қаңтар 2018 15:19

Ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігі қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Медициналық сақтандыру қоры мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында белгілеген міндеттерді атқаруға кірісіп кетті.

Хабарламаға сүйенсек, МСҚ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы үш міндетке басымдық беріп отыр.

Оның біріншісі, ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету.

"Былтыр қараша айында қордың мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. "МСҚ: Халықтық бақылау" деп аталатын бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысына баға беруге болады. Емхана/стационар қызметі дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер негізінде бағаланады. Сонымен қатар, қосымшаны пайдаланушылар кез-келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал, бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік деген емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеседі" делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, "Халықтық бақылау" қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға орнатуға болады. Мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, дәрігер қабылдауына жазылу сынды функционалдарды қосу көзделіп отыр.  

Екіншісі, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру.

Басқарушы директордың айтуынша, бұл үкімет тарапынан бекітілетін құжат. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Болашақта мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына созылмалы сырқаттарды қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы емдеу жүйесіне көшу көзделіп отыр.

Алдағы екі жылда Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне кіретін қызмет түрлерін іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.

Үшінші мәселе, стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Бұл өте дұрыс айтылған мәселе. Себебі, бізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Сондықтан Қор болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш салмақ. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр, делінген баспасөз мәлімдемесінде

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайын да тілге тиек етті. ҚР Президентінің биылғы Жолдауында халықты лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін құру және сапалы жұмыспен қамту проблемасы да айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажет. Сондай-ақ, елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу процедураларын жеңілдету керектігін айтты. Яғни, қолайлы жағдай жасалса азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз.

Қор мәліметінше, мемлекеттік органдар президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" деген түсінікті нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртіптемесін жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper