26.09.2018 21:25

359.76
423.26
52.34
5.21
5.47
58.86


Профилактика немесе аурудың алдын алу

Жұма, 06 Сәуір 2018 12:22

Келмеске кеткен кеңес заманында медицина тегін болды. Сөз жоқ, бұл кеңестік жүйенің артықшылықтарының бірі болатын. Тарихқа аз-кем шегініс жасасақ, осы қалың бұқараға тегін медициналық көмек көрсету идеясының атасы Николай Семашко болатын. Әр азаматты тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеу тәртібі де денсаулық сақтау саласын орталықтандырған Семашко реформасының нәтижесі еді.

Бұл дәстүр посткеңестік кеңістікте әлі күнге дейін өзгеріссіз қолданылып келеді деуге болады. Неміс канцлері Бисмарктың идеясына негізделген бұл жүйе аса көп қаржыны қажет етпеді. Сондықтан да үкімет үшін өте қолайлы болды.

Алайда ақпараттық технологиялар қарқынды дами бастаған сексенінші жылдарға таман жұрт бұрын-соңды көрмеген компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография, ультрадыбыстық аппараттар мен жоғары технологиялы дәрі-дәрмек түрлері нарыққа көптеп ене бастады. Әлбетте, мұның бәрі қыруар қаржыны қажет етті.

Мамандар пікірінше, кеңестік медицинаның сыр берген тұсы да осы болатын. Өйткені одақ техно­ло­гия­лық жағынан артта қалды. Меди­ци­­на саласындағы мұндай жаңалықтарға халықтың қолы жетпеді.

Бұл туралы профессор Алмаз Шарман былай дейді:

«Кеңес заманында ел тұрғындары үшін Үндістан мен Югославияның дәрілерінен артық дәрі жоқтай көрінді. Ол кезде Батыс Еуропаның сапасы да, тиімділігі де жоғары дәрі-дәрмегі түсі­мізге де кірген жоқ. Себебі, арзан тұрмайтын бұл препараттарды сатып алуға елде ақша болмады. Қыруар қаржы Одақтың тиімсіз экономикасын қолдауға және әскери-өнеркәсіп кешеніне жұмсалды. Денсаулық сақтау саласы да экономиканың өзге де секторлары секілді содан ауысқан ақшаға ғана күнелтуге мәжбүр болды. Батыстың алдыңғы қатарлы техно­ло­гияларының орнына кварц, УВЧ, барокамера сынды физио­тера­пияның күмәнді тәсілдері қолданылды. Дәрігерлеріміз дүниежүзі бас тартқан дәрі-дәрмектерді пайдалануға мәжбүр болғаны жасырын емес. Кеңестік денсау­лық сақтау жүйесі профи­лак­тикаға, яғни ауру­дың ал­дын алуға негізделді. Дәрігерлер көп қаржы мен күрделі операцияларды қажет ететін аурулардың алдын алуға күш салды. Қара­жат тапшы болғандықтан  алғаш­­қы медициналық-санитарлық көмек нысандары ауруға қарсы күрестің алдыңғы шебінде тұрды».

Қазақстанда профилактика ақсап тұр

Өкінішке орай, Қазақстан медицинасы аурумен оның белгілі бір симптомдары пайда болғаннан кейін күресе бастайды. Салдарынан біраз уақыт жоғалтамыз, дерт меңдейді. Асқынған сырқатты емдегеннен аурудың алдын алу уақыт жағынан да, қаржылық жағынан да ұтымды екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұрын бұған диагностика құралдары мен заманауи қондырғылардың жоқтығы қолбайлау болған болса, бүгінде оның бірден-бір себебі адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны. Әсіресе, біздің азаматтар «бір жері ауырмаса» дәрігерге бармайды. Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметінше, соңғы 10 жылда Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны 2 есе, қатерлі ісікке әкеп соқтыратын сырқаттар мен сүт безі обыры 3 есе артқан. Қант диабеті әсіресе, соңғы 5 жылда жас балалар арасында 2 есе, жасөспірімдер арасында 2,6 есе көбейген. Онкологиялық аурулар арасында сүт безі рагы бірінші орын, ал, жүрек пен қан-тамыр жүйесі аурулары – елдегі өлім-жітімнің басты себепкері. Адамдардың 85 пайызы дәрігерге өте кеш қаралуына байланысты көз жұмады екен. Яғни, дер кезінде анықталған жағдайда олардың өмірін сақтап қалуға болар еді.

 

Скрининг дегеніміз не?

Скрининг ағылшын сөзі, «тексеру», «қорғау» деген мағына береді. Ол халықты қант диабеті, гепатит, жүрек және қан-тамыры аурулары, қатерлі ісік сынды қатерлі дерттерден қорғау мақсатында жасалады.

Қазақстанда скрининг Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кіреді. Яғни, бұл бағдарламаларды еліміздің барлық азаматтары пайдалана алады.

Қазақстанда скринингтік бағдарламалар 2009 жылдан бері өткізіледі. Содан бері тегін тексерілетін сырқаттар тізімі екі есеге дерлік артқан. Азаматтар әртүрлі аурулар бойынша жасына қарай тексеріле алады. Мысалы, 40, 42, 44, 46, 48 жастан кейін әйелдер мен ертлер көз іші қысымын, қандағы зхолестерин мен глюкоза мөлшерін, 50, 52, 54, 56, 58 жастан кейін хирург, проктолог, гастроэнтеролог т.б. мамандардан кеңес алып, тоқ ішек пен тік ішек эндоскопиясын жасатуы тиіс. Бұл ішек обырының алдын алуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, скринингтен әр екі жыл сайын өтіп отыруға болады.

 

Қалай өтуге болады?

Скринингті әр емдеу мекемесі өз әдісі бойынша жасайды. Әдетте, ірі емханаларда дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері болады. Онда скринингті ұйымдастырумен айналысатын арнайы мамандар отырады. Өзге емдеу мекелерінде бұл процессс учаскелік дәрігерлерге жүктелген. Қалай болғанда да, кешенді тексеруден өткісі келетін азаматтар толық ақпаратты өзі тіркелген емхананың тіркеу бөлімінен сұрап біле алады. Ол үшін жеке куәліктен басқа құжат талап етілмейді.   

 

Біз біле бермейтін чекап

Чек-ап – жасырын аурулар мен ағзаның оған бейімдік деңгейін, организмдегі негізгі проблемаларды анықтауға бағытталған кешенді ингтенсивті бағдарлама. Мұны жүйе жұмысындағы ақаулар мен олқылықтарды тауып беретін өзіндік «техникалық бақылау» десе де болады.

 

Check-Up процедураларының тізімі

Ерлер:

Эндокринологиялық зерттеулер, ЭКГ, Қан-тамыр хирургі, Трансректальді зерттеу, дәрігер кеңесі бойынша УДЗ өту, кеуде қуысына КТ жасату, простата безі рагы қаупін анықтау маркері, жалпы несеп пен нәжіс талдауы.

Әйелдер:

Глаукома мен катаракта, ЭКГ, Кардиолог кеңесі, трансвагиналды зерттеулер, маммография, кіші жамбас ағзаларының МРТ, ПАП-тест, сүт безі обыры қатерін анықтау маркері, несеп пен нәжіс талдаулары.

 

Авторы: Шынар Әлжанова

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper