22.07.2018 22:10

346.68
404.02
51.15
5.1
5.47
72.23


Алматы облысының 3 ауданына жаңа әкім тағайындалды

Дүйсенбі, 09 Сәуір 2018 12:16

Алматы облысының Талғар ауданына және Елбасының Райымбек ауданын бөлу арқылы жаңа аудан құру туралы Жарлығы бойынша құрылған екі ауданға жаңа әкімдер тағайындалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауы бойынша Талғар ауданының әкімі болып Сәтбаев Рыскелді Ахметқалиұлы тағайындалды. Ал орталығы Нарынқол ауылы Райымбек ауданының әкімі болып Жолан Омаров, ортағылы Кеген ауылы Кеген ауданына Президент Әкімшілігінің келісімімен Талғат Байеділов тағайындалды.

Жиырма бір жылдан кейін шекаралық аймақта орналасқан Нарынқол ауылы аудан орталығы болып қайта түлейтінін айтқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

- Біз өз тарапымыздан барлық қолдауларды көрсетеміз. Осы өңірден шыққан бизнесмендер де бұл іске атсалысса құба-құп. Қазірдің өзінде осы ауданға мал бордақылау алаңдарын салсам, сүт тауарлы ферма ашсам, мектеп салуға жәрдемдессем деп ниеттеніп жатқан кәсіпкерлер бар. «Бүркіт» отын-энергетика компаниясының директоры Л.Ботабекова  Нарынқолға кіреберіс арканы салып беруге пейіл танытып отыр. Осындай елжанды азаматтарды көптеп тарту қажет. Ирригациялық жүйелерді де ретке келтіріп, картоп өндірісін дамытамыз, оған қажетті 2 сервистік-дайындау орталықтарын құрып, тұқым сепкіш, трактор, картоп жинайтын комбайн сияқты қажетті техниканың барлығын алып береміз. Фри картобын дайындайтын голландиялық «Farm Frites» компаниясы инвестиция салып, облыста жұмыс істейтін болады. Оған қоса Алматы қаласының картопқа деген сұранысы жылына 130-140 мың тонна, біздің облыстың тұтыну мөлшері де  150 мың тонна шамасында. Сондықтан картоптың нарықтағы сұранысына сай жұмыс істеу, осындай ауқымды істердің бәріне ұйытқы болып, ұйымдастыруда аудан басшылығына зор міндет жүктеледі, - деді.

Жаңа ауданның әкіміне қолдау көрсетіп, бастамаларын бірлесіп атқарысуға дайын екендерін айтты. Ал облыстың өзге аудандарының барлығы Нарынқол өңірін көркейтуге әрқайсысы өз үлестерін қосуға ниетті.

Мәселен, Алакөл ауданы мұнда спорт алаңы мен сквер, Талдықорған қаласы кроссфит салып бермек, Қаратал ауданы 1 жарым шақырымға заманауи жарықтандыру бағаналарын орнатпақшы. Осылайша, барлық аудан, қалалар Райымбек ауданының жаңа орталығын абаттандыруға атсалысатын болады.

Аудан әкімі Жолан Омаров өзіне артылып отырған үмітті ақтайтынына сендіріп, алдағы жоспарларын қысқаша баяндады. Мәселен, биылғы жылы картопты 100 гектарға сепсе, келесі жылы оның көлемін еселеп өсірмек. 2020 жылға қарай 130 мың тонна картоп жинау жоспарланып отыр. Бұдан өзге де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар баршылық.

Жаңа өзгерістерге сәйкес Райымбек ауданына 11 ауылдық округ және 20 елді мекен кіріп, аумағы 711,9 мың гектарды құраса, жаңадан құрылған Кеген ауданы 710,3 мың гектар аумаққа және 12 ауылдық округ, 34 елді мекенге ие болды. 

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper