15.11.2018 18:32



Facebook

Сенбі, 25 Наурыз 2017 16:58

Оқушы сөмкесінің салмағы өлшенетін формула

Отандық орта білімдегі жауабы жоқ сауалдардың азаяр түрі жоқ. Керісінше көбейіп барады.

Салдарынан ата-ана бұл саладағы әрбір өзгерісті жіті бақылайтын жағдайға жетті. Сондай жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі - оқушының сабаққа ұстап баратын сөмкесінің салмағы. 

Өзіміз білім алған Совет мектебінде былғарыдан тігілген оқушы сөмкесінің салмағы бейнелі түрде айтқанда бір атанға жүк болатын. Оқулықтың мұқабасының қалың болғаны соншалық ауыр салмаққа да сыр бермейтін. Сонда ол кездегі сөмкенің салмағы қандай формуламен есептелді?

Ал қазіргі  оқулықты қанша кішірейтсе де әлі мәселенің ақиқатына жете алмай дал болып жүрміз. Оның үстіне даланың қара шаңына аунаған, ет пен сүтті сапыра ішетін бала аз. Керісінше, чипс пен кептірілген нан, тәтті суды асқа айналдырған әлсіз, әлжуаз бала артып барады. Қит етсе, құлап қалатындай көрінеді. Әлбетте, ол балаға арқасындағы әр грамм  салмақ болады.

 

ОҚУШЫ СӨМКЕСІНІҢ САЛМАҒЫ ТЕК ҚАЗАҚ ЕЛІН ҒАНА ЕМЕС КҮЛЛІ ӘЛЕМДІ МАЗАЛАЙТЫН МӘСЕЛЕ

Оңтүстік Еуропа елдері оқушы сөмкесінің салмағын анықтайтын формула ойлап, шығарған.

Бұл әмбебап арифметика бойынша оқушы сөмкесінің салмағы (ішіндегі оқулық, өзге де қажеттіліктерімен қосқанда) бала салмағының 10 пайызын ғана құрауы тиіс. Демек, бала салмағы 20 келі болса, сөмкесінің салмағы 2 келіден аспауы тиіс. Одан артық салмақ баланың денсаулығына зиян. Баланың омыртқасы дұрыс қалыптаспайды. Қисаяды не өспей қалады.

Ал омыртқа  - адамның басты тірегі. Әдетте оқушы сабаққа апаратын сөмкесін үнемі бір жақ қолымен тасиды. Біртіндеп оның омыртқасы сол жаққа қарай қисаяды. Омыртқаның бір жаққа қарай қисаюы «сколиоз» деп аталатын ауруға әкеп соқтырады. Тіпті, бойының өсуі тежеледі.


Ал біздегі сөмке салмағын реттеу, есептеу тәсілі сәл басқаша. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі бекіткен ереже бойынша, бірінші сынып оқушысы сөмкесінің салмағы 1,5 келіден аспауы тиіс. Бастауыш сыныпта оқитын бала көтеретін бос сөмкенің салмағы 700 грамм болуы қажет деп көрсетілген. Бірақ, біз ереженің еш жерде сақталмайтынына көз жеткіздік. Бұл мәселені осы оқу жылының басында ата-аналар әлеуметтік желіде көтерген.

Салмағы стандартқа сәйкес келетін (700 грамм) 1-ші сынып оқушысының сөмкесін бізде таразыға салып көрдік. Бір күндік оқулықтарымен қоса есептегенде сөмкенің жалпы салмағы 4 келі 744 грамм болды. Бұл белгіленген нормадан үш есе артық салмақ. Бұған баланың дене шынықтыру сабағына апаратын киімдері қосылған жоқ.

Белгіленген норманың ауытқуына  әсер етіп тұрған оқулық салмағы. Қазір қолданыста жүрген 1-ші сынып оқушысы қолданатын бір оқулықтың салмағы 200-250 грамм. Ол бір күнде 4 оқулық апарады делік. Сонда тек оқулықтардың салмағы 1 келіге жетіп тұр. Оған 700 грамм сөмке салмағын қосқанда 1 келі 700 грамм. Одан бөлек, баланың канцеляриялық құралдары болады. Үзілісте ішетін суын үйден апару да әдетке айналған. Сөмкеге салмақ қосып тұрған қосымша дәптерлер мен оқулықпен қосарлана жүретін құралдар.

ҚОСЫМШАЛАР ҚАЖЕТ ПЕ?

Әдетте, бұл қосымшаларды алу, алмауды шешетін әкімдіктер мен білім басқармалары. Мектептің қай баспаның оқулықтарымен оқитынын да шешетін жергілікті билік өкілдері. Оқулық өндірісі тиімді бизнес көзі болғандықтан, тауарларын өткізу үшін кәсіпкерлер заманның  түрлі амалдарын жасайтыны да жасырын емес. Қазақстан орта біліміндегі «балама оқулық» деген ұғым жағдайды тіпті шиіленстіріп жіберді. Өзара бәсекелестікке түскен баспалар бір-бірінен асып түсу үшін қосымшалардың қос-қосын ойлап табуда. Қосымша дәптер, кітаптардың толып кеткені де содан.

Сонымен қайтсек оқушы сөмкесінің салмағын азайтуға болады? Еліміз оқулық жазғыштары салмағын азайта, азайта 250 грамға жеткізді. Одан әрі кішірейтудің мәні қалмайды. Себебі, оқулық мазмұны сапасыз күйге ұшырайды. Демек, мәселе тығырыққа тірелді.

Еуропaның бiрқaтaр мемлекеттерiнде оқушылaр оқулықтaрын мектепте қaлдырып кетедi. Мәселен, Фин елінде 6-шы сыныпқа дейін үй тапсырмасы берілмейді. Бала барлығын мектепте орындайды. Үйде қайталау үшін оқулықтың электронды нұсқасына жүгінеді. Қажеттілік болмаса баланың (дене шынықтру киімі сынды) жеке заттарын мектепте қалдырып кетуге жағдай жасалған. Әр оқушының өзінің жеке зат сақтағышы (сейфі) бар. Бұл оқушының үй мен мектеп ортасында мүлдем жүк арқаламауына жол ашады.

Балаға артық салмақ салмаудың тағы бір амалы  ол - зaмaнaуи технологиялaрды қолдaну. Плaншеттер мен «электронды оқулықтaрғa» көшу.

Бұл бастама қайсыбір министрдің тұсында көтерілген. Оқулықтардың электронды нұсқалары жасала бастаған. Бірақ, құзырлы орын басшылығының тұрақсыздығы бұл бастаманы да тығырыққа тіреді. Электронды оқулықтарды енгізу жобасы тағы ұмыт қалған тәрізді. Өздеріңіз көріп жүргендей, оқушылар әлі қағаз кітап кеміріп жүр.

Қазір еліміздің Білім және ғылым министрлігінде оқушы сөмкесіндегі артық салмақтан да зор ғаламдық мәселе бар. Оның түйіні тарқалтылмай, оқушы омыртқасына салмақ әлі түсе бермек. Демек, қанша буынның қисық болып өсетінін ешкім дөп басып айта алмайды.

 

Азамат Кеңесұлы

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper