18.10.2019 20:30

389.98
434.01
55.04
5.58
6.1
67.51


Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті

Сейсенбі, 02 Сәуір 2019 12:31

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев туған жердің қашанда ыстық болатынын және көп жылдар бойы еңбек жолымен шетте жүргенін айтып, жастық шағын еске түсірді.

«1958 жылы осы Шамалған ауылынан шетке кетіп, 20 жылдан кейін Алматыға қайтып келдім. Содан бері 40 жыл Қазақстанның басшылығында қызмет істедім. Балалық шағым осы Алатаудың баурайында өтті. Ағайын-туған, жегжат-жұрағат барлығы осы Шамалғанда тұрады. Уақыт, жасың келгенде ауылға, туған жеріңе келгенде көзіңе жас толады, жастық шағың есіңе түседі. Мемлекетімізді аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Сонда ең шаршаған кездерде осы Шамалғанның көшелерін есіме түсіретінмін. Таулардың сай-сайларын, бұрын жүріп өткен жерлеріңді еске түсірген кезде бәрі орнына түседі» , - деді ол.

Сонымен қатар ол, адам кіндік кескен жерін сүю арқылы Отанын сүйіп, патриот атанатынын жеткізді.

«Адамның кіндік кескен жері ол бірінші отаны. Сол бірінші отаны арқылы үлкен Отанды сүйіп, патриот болады. Мен де сол сияқты сендердің араларыңыздан осы ұядан ұшып шығып, бірталай елді араладым. 170 мемлекетте болдым, 200 аса елдің президенттерімен кездестім. Соның барлығы елдің қамы. 1979 жылы Орталық Комитет хатшысы болып келгеннен бері қарай 40 жыл мемлекет басшылығында қызмет істедім. Қолымнан келгенше күндіз түні жұмыс жасап, әсіресе тәуелсіздік жылдары қазақ дүниежүзіне белгілі ел ету үшін, жағдайын түзеу үшін жатпай тұрмай жұмыс істедім. Соның арқасында ешкім білмейтін Қазақстан дүниежүзіне белгілі болды. Әлемнің картасында жоқ Қазақстан ойып орнын алды. Қазақтың бармайтын жері, демалмайтын курорты жоқ. Балалары әлемдік ЖОО оқып жатыр, денсаулығын түзеймін десе де шетелдік емханаларға барып жатыр. Соның барлығы елдің өркендеуі, мемлекеттің дәрежесінің көтерілуі, сый-құрметтің болуының арқасында», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Сондай-ақ, ол Қазақстан басқалармен салыстырғанда үлкен ел емес екенін айтып өтті.

«Қазақстанның екі жағында алып Қытай, алып Ресей жатыр. Оңтүстігімізде Ислам мемлекеттері. Дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында барлық мемлекеттер Қазақстанды сыйлайтын болды.  Ел солай қарай ауыссын деп, Арқа төсінен Елорданы салдық. Сол қала қазір дүниежүзіне белгілі қала болды. Дүниежүзілік саммиттер болып, атағы шығып жатыр. Қазақстанның орталығы қандай болса, елі де сондай деп түсінеді», - деп сөзін қорытындылады.

Айта кетерлігі, Қазақстанның тұңғыш Президентімен кездесуге Шамалған ауылының 3 мыңнан аса тұрғыны жиналды.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper