15.11.2018 18:31



Астанада ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы 20 жылдық қызметі қорытындыланды

Бейсенбі, 11 Қазан 2018 16:38

Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының 20 Қазақстандағы 20 жылдық жұмысы қортындаланды.

Астанада «Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» халықаралық конференциясы өтті.

Халықаралық конференцияның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Томас Гремингер, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының м.а. Махмұд Қасымбеков, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо қатысты.

«Халықаралық конференцияны ұйымдастыру бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен Елбасы Қоры және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің бірлескен бастамасы. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисін республикамыздағы 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын және алдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында одан әрі табысқа жете беруге тілектеспін», - деді конференция модераторы Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзі.

«ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстанның аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін ұлғайтуға және тереңдетуге, сондай-ақ сенім, сабақтастық, ашықтық және толеранттылық қағидаттарына негізделген Ұйымдағы басшылыққа біздің жауапты көзқарасымызды көрсетуге мүмкіндік берді. Біз әлемдік тәртіптің геосаяси трансформациялану жағдайында әріптестігіміздің ресурстық әлеуетін ашуға, ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға және Ұйымның жаңа сын-тегеуріндерге бейімделуіне ықпал ететін ынтымақтастық форматымызды жалғастыруымыз қажет. Қатысушылардың бірегей құрамы мен қауіпсіздік және өзара әрекеттесу мәселелері бойынша мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың тетіктері мен тәжірибесі бар ЕҚЫҰ-ға жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементтерінің бірі болып қала беруіне тілектеспін».

ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингердің баяндамасында Қазақстан Республикасы мен ЕҚЫҰ-ның екіжақты ынтымақтастығының негізгі бағыттары айтылды.

«Мен үшін 2010 жыл Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда маңызды жыл болды, әсіресе Қазақстанның қазіргі Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен серіктестігіміз ерекше. Содан бері Қазақстан мен ЕҚЫҰ сенімді серіктеске айналды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы төрағалығы өте жемісті болғанын атап өткім келеді. Мен ЕҚЫҰ елдерінде Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймын. Сонымен қатар Қазақстан өзара ынтымақтастығымыздың аясында әртүрлі пікірталастарға белсене қатысуын жалғастырып келеді», - деді Томас Гремингер.

Ал Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз кезегінде 2010 жыл орын алған маңызды оқиғаларды еске түсіріп, Қазақстан мен ЕЫҚҰ-ның бүгіні туралы баяндады.

«Бүгінде Қазақстан ЕЫҚҰ-ның сенімді серіктесіне айналды. Елбасымыздың Қазақстанның ішкі дамуындағы мәселелермен қатар сыртқы саясатына да қатысты сарабдал, салиқалы ұстанымы Қазақстанның ЕЫҚҰ-дағы төрағалық етуі, жүргізілген саммиттер және қабылданған Астана декларациясы тек біздің еліміздің ғана емес, сонымен бірге ЕЫҚҰ-ның барлық қауымдастығының сөзсіз табысы ретінде танылуында шешуші әсер берді. Біз ЕЫҚҰ назарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда туындап отырған әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығы, осы аймақта алдағы уақытта тыныштық пен қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек мәселелерге аудартуда қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Астанадағы ЕЫҚҰ бағдарламасы кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо ЕЫҚҰ-ның Қазақстандағы қызметінің қорытындыларын жариялап, бірнеше мәліметтер келтірді.

«Қазақстанның ЕЫҚҰ-да жасаған жетістіктері ерекше қуантады. Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды реформалар жасалуда. Полиция мен әділ сот саласын реформалау ісіне қатысқанымызға және осы бағыттағы тәжірибемізбен бөліскенімізге қуаныштымыз, бүгінде осы бағытта қолдау көрсетуді ойластырудамыз. 20 жыл ішінде біз 1500-ге жуық шара өткіздік, бюджеттік ресурс 42 миллион еуроға жетті, ЕЫҚҰ қатысушы-елдерінің барлығында 60-тан астам кездесулер ұйымдастырылды. 2013 жылдан бері жыл сайын 5 мың қатысушы біздің шараларға атсалысады, бұл дегеніңіз осы жылдар ішінде біз өз шараларымызға 100 мыңға жуық адамды тарта алдық деген сөз», - деді Дьердь Сабо.

Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Аустрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі Мадина Жарбосынова, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының өкілі, Қазақстандағы көпжақты бөлімшенің Басшысы Илейн М. Конкиевич, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ЕҚЫҰ, дипломатиялық миссиялар өкілдері, Қазақстанның саяси және бизнес элита өкілдері сөйледі.

«Бүгінгі шарада Қазақстандағы ЕЫҚҰ бағдарламасы кеңсесінің 20 жылдық қызметі қорытындыланды, онда оң жұмыс нәтижелері де, сонымен бірге қазақстандықтардың басында кездесіп жүрген және оны шешуде ұйымдар ұшырастыратын мәселелер де айтылып өтті. Елбасы кітапханасы ЕЫҚҰ-мен алдағы уақытта жемісті әріптестік және өзара тиімді ынтымақтастық жасау мәселелерін талқылау мақсатындағы сұхбаттарға әркез ашық. Елбасы кітапханасы мен Астанадағы ЕЫҚҰ бағдарламалар Кеңсесі бірігіп бастаған екі жақты қатынастардың динамикалығы үшін Орталық Азия аймағында қауіпсіздік және тұрақты дамытуды нығайту саласында ынтымақтастық векторын белгілеуді дұрыс деп санаймын. Кітапхананың бай практикалық тәжірибесі мен ресурстары онда қазіргі заманғы әлемнің жаһандық қауіпсіздік мәселелерін шешіп, талқылауға мүмкіндік беретін қазақстандық және шетелдік ғалымдар және сарапшылардың қатысуымен жүзден астам халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізге септік етті. Бүгінгі конференция аймақтық қауіпсіздік бойынша трансшекаралық қатерлер мен қауіптерге қарсы қимылды қоса алғанда Қазақстанның ЕЫҚҰ-мен арадағы ынтымақтастығын ұлғайтуға ықпал ететініне сенімдімін», - деп атап өтті Әмірхан Рахымжанов конференция қорытындысын шығара келе.

Конференция аясында «Қазақстан және ЕҚЫҰ» атты көрме ұсынылды. Көрмеде Елбасы кітапханасының музейлік, архивтік жәдігерлері мен кітаптар жинағының негізінде ЕҚЫҰ құрамындағы Қазақстан тарихындағы ерекше есте қаларлық және маңызды оқиғалар ұсынылды.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper