26.09.2018 15:21

356.54
419.43
51.86
5.17
5.42
58.13


Қазақстанда жаңа дәрігерлік мамандық енгізіледі

Жұма, 06 Сәуір 2018 18:18

Бүгін ҚР Сенатында «Ұлт саулығы - денсаулық сақтау саласының басты шарты» тақырыбында парламенттік тыңдалым өтті.

Тыңдалым басталмас бұрын отандық фармацевтиканың зерттемелері, жұмыстары, жобалары, денсаулық сақтау саласындағы жаңа инновациялық теxнологиялар, ақпараттық жүйелер, мобильді сандық қосымшалар ұсынылған тақырыптық көрме өтті.

Шараға ҚР Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат депутаттары, медициналық қауымдастықтың өкілдері және т.б қатысты.

Депутаттар алдында баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау Министрі Елжан Біртанов бүгінгі таңда дәрілік саясат саласында қазақстандық өндірушілерді жүйелі қолдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2017 жылы 873 атауды жеткізуге отандық тауар өндірушілермен 25 ұзақ мерзімді шарт жасалды.

«Жалпы 2009-2017 жылдар кезеңінде 1679 атауды жеткізуге 32 отандық өндірушімен  54 ұзақ мерзімді шарт жасалды. Бұл ретте, қазақстандық өндірушілер жеткізген атаулардың саны 2 есе ұлғайды», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, Министрлік қоғамдық денсаулықты сақтау үшін дәлелді базасы жоқ 29 санитариялық қағиданың күшін жойғанын xабарлады. 6 санитариялық қағида қайта қаралды. Бизнесті тексерудің саны 2 есе қысқарды, тексеруден  34,5 мың объекті босатылды.

«Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 2017 жылы біз 34 МЖӘ келісімшартын жасастық. 2017 жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген инвестициялардың көлемі 91,4 млрд. теңгені құрады және 2016 жылдың деңгейіне 50%-ға өсті, бұл Қазақстан экономикасы салаларының арасында жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады»-деп xабарлады Министр.

Бұдан өзге  өткен жылдың қорытындысы бойынша  2016 жылдың   ұқсас кезеңімен салыстырғанда    денсаулықтың негізгі көрсеткіштері жақсарды: сонымен жалпы өлім   3%-ға, ана өлімі  5,5%-ға, нәресте өлімі  6,2%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 5,3%-ға және  туберкулезден болатын өлім 11,8%-ға төмендеді. Қазақстандықтардың жалпы өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрады.

Баяндама барысында министр жүйенің триажын енгізе отырып, кез -келген бейіндегі пациенттерді көп бейінді стационарға қабылдау дайындығымен стационарлардың қабылдау бөлімшелері қызметінің  жаңа форматын регламенттегенін жеткізді.

«Қабылдау бөлімшелерінің жағдайында шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсету үшін жаңа дәрігерлік мамандық  - қабылдау бөлімшесінің дәрігері енгізілетін болады»,-деп xабарлады Министр.

Министр сондай-ақ, Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа жобасын әзірлеу бойынша жұмыс басталғанын атап өтті.

«Жаңа кодекс мынадай міндеттерді шешуге бағытталады: ұлт денсаулығын нығайту, халықтың өмір сүру ұзақтығын өсіру және медициналық технологияларды дамыту, аурулардың профилактикасы, қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту, дербестендірілген медицина, цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері»,-деп сөзін қорытындылады Министр.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper