15.11.2018 19:13



«Ұлылыққа тағзым» тарихи-танымдық кеші өтті

Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 14:17

Астанада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына, Халел Досмұхамедұлының 135 жылдығына, Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өтті.

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда тарихи тұлғалардың есімін, еңбегін ұлықтау, сол арқылы жас ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелеу, таным көкжиегін кеңейту.

Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығының басшысы Ержан Еңсебай:

«Қазақ тарихында алтын әріппен аттары жазылатын ұлт руханиятының алтын арқауы, біздің мынау рухани көшіміздің алдында тұрған осы тұлғаларымызға тағзым ету, соларды ұлықтау, солар арқылы жас ұрпаққа, өскелең ұрпаққа осы ұлы тұлғаларымыздың шығармаларын, рухани мол мұраларын санасына сіңіру, яғни мұндағы мақсатымыз ұрпақтар сабақтастығы. Кешегі өткен бабалардың мұрасын бүгінгі күні насихаттап, қайтадан жаңғырта отырып жастарды болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін жан-жақты болу керек, барлық жағынан потенциал жоғары болу керек деген сияқты үндеу тастау мақсатында бұл іс-шараны ұйымдастырып отырмыз», - деді.

Мерейтойлық кеш барысында ұлы тұлғаларды зерттеп жүрген ғалымдар арнайы келіп, жиналған қауымның назарына тың ақпараттар ұсынды.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Абайтанушы, шәкәрімтанушы, Еуразия Ұлттық университеті «Алаш» институтының ғылыми қызметкері Омар Жәлел дін туралы, шын асылды іздеп табудың жолы туралы айтқандарын анықтап беріп «Асыл жанымыз, ол өзінің тағы бір асылын іздейді екен ғой. Сөйтсе ол Құдайды іздейді екен. Шәкәрім атамыз айтады «Асыл іздеп, асылды аласұрар». Сонда біздің осы өмірдегі бүкіл өзіміз сезбейтін, өзімізге беймәлім, өзіміз байқамайтын талпыныстарымыздың барлығы сол асылды, яғни Құдайды іздеу екен. Өзінің шын жан азығын тапқан Шәкәрім ешнәрсеге қараған жоқ. Ол саят құруға кетіп қалды да, өзінің жиған-тергенін, яғни өзінің тапқан асылын бізге тастап кетті» дейді.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Ал ғалым, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали Хәлел Досмұхамедұлының қайраткерлігі мен қаламгерлігіне тоқталып: «Алаш қайраткерлерінің әрқайсысының ерекшелігі ел үшін өзіне жауапкершілік ала білгендігінде. Өкінішке қарай біз әлі күнге дейін оларды толық танымаймыз. Кейінінен Совет үкіметі ыдырап, бұларды ығыстырып қуғынға ұшыратқанда, әрбір қазақ арысы жұмыссыз отырмын деген жоқ. Шамалары келгенше әрқайсысы өзінің еңбегін жазды. Оқулықтар жазды. Хәлел адамның жанына байланысты, жануарға, табиғатқа байланысты, қазақтың алғаш жаралытыстану ғылымын зерттеп, еңбектер жазды.Ол тек өлкетанушы, этнография, қазақ тіліне байланысты энциклопедист ғалым. Хәлелдің сол заманда жазған еңбектері әлі күнге дейін өзекті» деді.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Кешке арнайы Баянтаудан келген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі, профессор Нартай Жүсіп Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектері жөнінде баяндады. ««Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының аясында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 20 томдығы шықты. Әлі де шықпаған 10 томдық еңбегі бар. Оның ақындығы бір бөлек, тарихқа, этнографияға , философияға қатысты еңбектерін айта берсек біздің шағын уақытымыз жетпейді. Жалпы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өміріне қатысты деректер елдің арасында өте көп, қазіргі уақытта біз оның барлық мұрасын шығардық деп айта алмаймыз, себебі аударуды қажет ететін түпнұсқа қолжазбалары да көп. Елдің арасына тарап кеткен еңбектері де мол. Ендігі алда тұрған үлкен жұмыс солардың барлығын бір орталықта жинақтау» деді.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім «Әміренің феномені не?» деген сұраққа жауап берді. «Әміренің әншілік қасиеті сол кездегі қазақ музыкасына өзгеріс алып келді. Құбылыс жасады. Исабек деген байдың малын бағып күн көріп жүріп 1925 жылы Семейге қоныс аударады. Сол уақытта қалада өтіп жатқан әншілер байқауында Қали Байжанұлы екеуі бірінші орынды бөліп алып, Әміре Орынборға, одан Ақмешітке барады, содан әнші Әміренің асқақ аты шыға береді. Мұстафа Шоқаймен жолыққаны 1925 жылы ОГПУ-дың тізіміне ілігіп, 1934-ші жылға дейін құсалық күйге түседі. 1990 жылдарға дейін Әміренің есімі аталмаған. Мен 1974 жылы мен Ресейдегі Қырғыз мұрағатынан «Киргиз Амре Кашаубаев» деген жазбаны қолыма түсіріп, даусын сол жерден тауып, реставрация жасап алып келдім. Кейінгі жылдары Әміре атындағы байқаулар ұйымдастырыла басталды, Семей қаласына ескерткіш қойылды, өзім 6 кітап жазғанмын, былтыр соның «Ән атасы Әміре» , «Әміре – Париж» деген кітабымның желісі бойынша Голливудтың режиссері Джеф Веспа кино түсірді» деді.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Нигимов 27 жыл ғана өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өнегелі өмір жолы туралы айтып, шығармашылығына тоқталды. «Артында қалдырған классикалық романдар, поэмалар, керемет көсемсөздері, публицистикалық мақалалары, лирикасы ойшылдыққа, сыршылдыққ, сыншылдыққа, тарихшылыққа, сезімге құрылған. Сұлтанмахмұттың 26 жасында жаза бастаған қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған шығармасы бар. «Айтыс» поэмасы бұл кесек, ірі, ғажайып бір қазақтың, қазақ өмірінің энциклопедиясы сынды туынды. Қазақтың көркемдік ойының антологиясы деуге болады. Сонау Еуропада ғұн империясын құрған Атилладан бастап, әрі қарай Алаш қайраткерлеріне сипаттама беріп, Сарыарқаның тағдырына өтеді» дейді.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Мерейтойы тойланып жатқан қазақ арыстары туралы ақпаратқа қанық болған көрермендерге Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының Шәкірім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Хәлел Досмұхамедұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының монологын, Әміре Қашаубайұлының қара домбырамен салған әнін тыңдатты.

ФОТО: ЕРЛАН ОМАРОВ

Ал оқушылар шығармаларын жатқа оқып, «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық кешті қорытындылады.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper