15.12.2018 10:25

371.31
419.32
53.83
5.33
5.59
69.05


Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртаза өмірден өтті

Сәрсенбі, 10 Қазан 2018 10:33

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза 86 жасында өмірден өтті.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ мекенінде туған.

1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарған.

1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді.

Парламент Мәжіліс депутаты болған.

Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады.

«Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы мен ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003). Қырғыз Республикасының Халық ақыны.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы “Шерағаң” деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін» делінген жеделхатта.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбайдың хабарлауынша, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы барады. Шерхан Мұртазаның жаназасын өзі туып-өскен Жамбыл облысының және Алматының әкімдіктері, Жазушылар одағы және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірге ұйымдастырады.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper