26.09.2018 20:39

359.76
423.26
52.34
5.21
5.47
58.86


Астанада «Қазақстан халқы тілдері» күні аталып өтті

Бейсенбі, 13 Қыркүйек 2018 13:01

Астанада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы тілдері» күні аталып өтті.

Тіл фестивалінің басты мақсаты – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету, көп этносты мемлекетіміздің бірлігі мен достығын насихаттау және оның негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру.

Салтанатты шараны ашқан Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев барша қазақстандықтарды тіл мерекесімен құттықттап, бүгінгі фестиваль тілге құрмет шараларының бастамасы ғана екенін айтып:

« Астана елорда болғаннан бері 853 көше атауы ауысты. Жалпы елорда көшелерінің 90 пайызы қазақ атауларына ие. Осы орайда, Астана көшелерін қазақшалау бойынша бірінші орында екенін атап өту қажет.

Бүгінгі күні де елордамызда мемлекеттік тілдің қолданысы аясын кеңейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, тиімді тіл саясатын жүргізу мақсатында қалада «Smart til» инновациялық байқауы, «Қазақша оқы, latynsha jaz» акциясы, «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» іс-шарасы, «Сегіз қырлы, бір сырлы» тапқырлар сайысы сияқты тың бастамалар қолға алынып жатыр.

Қадірлі қауым, «Тілі бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» деген жақсы сөз бар. Тілегіміз де, мақсат-мүддеміз де баянды болсын!

Тіл мерекесі құтты болсын!» деді.

Фестивальде бүгінгі күні дәстүрге айналған қала әкімінің «Тіл тұғыры» сыйлығы мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғыртып жүрген азаматтардың ұжымдарына екінші рет табысталды.

Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін дамытуға қосқан үлесі үшін «Тіл тұғыры» сыйлығына Азамат Кеңесұлы басқарып отырған «BaqOrda» медиа тобының ұжымы, Аяжан Ахметжанұлы басқарып отырған республикалық «QAZBILIM» орталығы. Әділхан Абдуллин басқарып отырған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық клиникалық Отан соғысы мүгедектеріне арналған орталық, Құндызбек Әбдірәсілов басқарып отырған Астана қаласының статистика департаментінің ұжымы, Мирас Мұсаханов басқарып отырған «Qazaq Gourmet» мейрамханасының ұжымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры генерал-майор Дархан Ділмановтың ұжымы, Зульфухар Найпов басшылық етіп отырған Астана қаласының Көлік және коммуникация колледжінің ұжымы ие болды.

Салтанатты жиында белгілі болғандай, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы елордадағы тілдік ахуалды зерделеу мақсатында жыл сайын жүргізетін әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша,  2018 жылы мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 89 пайызды, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің үлесі 27 пайызды құраған. Жалпы сауалнамаға қатысушылардың 95 пайызы өзара қатынас тілі деп қазақ тілін таңдаған.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдың 31 қазаны күні «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойып,  қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйекті Қазақстан халқы тілдері күні деп бекітті. Ал Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Менің тілім - ұлы дала рухы» атты қалалық тіл фестивалі биыл Астанада жиырмасыншы рет өткізіліп жатыр.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper