19.11.2018 06:52

367.06
416.17
52.84
5.27
5.56
68.88


Әміре: Ерте үзілген ән

Жексенбі, 08 Сәуір 2018 10:59

Экспо десе әрбір қазақ – қыруар қаржы, Астана, 2017 жылдың жазы, қаңырап қалған павильондарды еске алатыны сөзсіз. Алайда, 1925 жылы Парижде өткен көрмеге қатысқан бірінші қазақты білетін қазақ кемде-кем.

Демек, әуелетіп ән салып, ерен өнеріне Еуропа елі тамсанып, қыр қазағының мәдениетін (әні мен қара домбырасын) әлемге ашқан Әміренің өмірін негізге алған «Әміре. Ерте үзілген ән» көркем фильміне бару керек деген сөз. Көрсетілімінде болғасын, көргеніме тоқталайын.

Ұлысын ұлықтауды ұмытқан қазаққа Қашаубайдың ұлын қайта табыстырған дүние екені рас. Тырнақ астынан кір іздейтін (қазақ қаныма сіңген десем де болады) әдеттен асып, тек жақсы жағына тоқталатын болсам:

  • Батыстық сценарист пен режиссердің фильмді артық әсірелеусіз түсіре білгендігі;
  • Санжардың «өмірі ат үстінде, киіз үй мен жазық далада өткен, сауат ашпаған, анайылығы мен қарапайымдылығы ұштасып жатқан қыр қазағы» Әміренің бейнесін аша білгендігі;
  • Әміретанушы Жарқын Шәкерімнің арқасында табылған тарихи деректердің негізінде көрініс тапқан шынайы фактілер фильмде көрініс тапқан;
  • Бодандық саясат пен қазақ зиялыларының басына орнаған әділетсіздік пен жауыздықты көресіз;
  • Гершвиннің фортепианосы мен Әміренің домбырасының әуендері тоғысып, аяқталмай жатып үзілген әуен – қазақтың маңдайына сыймай кеткен, ерте үзілген өмірге меңзейтіні де бар;
  • Қазақстанның ғана емес, төрткүл дүниеге прокатқа шығатын дүние болғандықтан, шынайы фактілерді іздеп, тарихи деректерді іздеудің қажеті жоқ. Бұл деректі фильм емес, бұл көркем фильм екенін түсіне білеуіміз керек.

Енді, Әміре туралы біліп жүретін деректер:

  • 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген (туғанына 130 жыл);
  • 1925 жылы Парижде өнер көрсетті, Экспо көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ;
  • Еуропа халқын қазақтың өнерімен таныстырған алғашқы қазақ әншісі;
  • Фонографта жазылып, осы күнге жеткен әндері: «Балқадиша», «Дударай», Бес қарагер», «Көк көбелек», «Смет», «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан» т.б.
  • Тамағында арнайы қалташасы болған екен, сонда дем жинап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмастан шырқай білетін қабілеті болған деседі;
  • Дауысы – драмалық тенор;
  • Мұстафа Шоқай Әміренің әнін тыңдап, көзіне жас алыпты деген ақпарат та бар;
  • Жұмбақ жағдайда 1934 жылы дүниеден өтті (қастандық жасалды);
  • Қабірінің екі рет тапталғаны бар;
  • Қонаев атамыз арнайы қаржы бөліп (озбырлық саясатының бел алған шағында) орнатқан ескерткіші талқандалды.

Қорыта айтқанда, соңғы кездері нарықта көбейіп кеткен, мағынасы да, мәні де жоқ, көрген сәтте ұмыт болатын отандық туындылардан озық тұрған «Әміре» фильміне бару керек, көрі керек!

Ұлы тұлғаларымыздың өмірбаянын жатқа білу шарт болмаса да, ұлықтап жүруіміз ұрпақтар сабақтастығының маңызды алғышарты екенін ұмытпайық, ағайын!

 

Авторы: Нұртас САПАРОВ

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper