15.11.2018 18:33



Қостанайда «Kostanay Invest 2018» аймақтық инвестициялық форумы басталды

Жұма, 12 Қазан 2018 17:15

Қостанайда «Kostanay-Invest 2018» екінші халықаралық инвестициялық форумы өз жұмысын бастады.

Аланында 1000-ға жуық адамның басын қосқан форум аясында биыл жалпы сомасы 251 млрд теңгеге тең 19 меморандумға қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Форумның басты мақсаты - аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін дамыту, сондай-ақ, инвестицияларды тарту саласындағы ең өзекті мәселелерді барлық мүдделі тараптардың қатысуымен талқылау.

Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл іс-шара Қостанай облысына ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия, машина жасау және туризм сынды экономиканың төрт саласы бойынша инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға арналған тиімді алаң ретінде өзін танытты.

Форум жұмысына ұлттық компания басшылары, мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдар, даму институттары, халықаралық қаржылық институттар мен компаниялардың өкілдері қатысып жатыр. Форумның құрметті қонақтары арасында Бельгия, Индонезия, Өзбекстан елшілері, сондай-ақ, Ресей Федерациясының Қазақстандағы сауда өкілдігінің өкілі бар. Басқа аймақтар мен елдерден келіп отырған қатысушылардың саны 100 адамнан асып отыр.

«Қостанай облысының инвестициялық әлеуеті: келешегі, жаңа мүмкіндіктер мен тұғырлар» тақырыбына арналған пленарлық мәжілісте қатысушылар экономиканың басымдыққа ие салаларына инвестиция тарту мәселелерін ортаға салды.

«Инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлармен ашық диалог құру, инвестицияларды тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіру – мұның бәрі Қостанай облысы әкімдігінің қызметінде басымдық берілген бағыттар», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

«Kostanay-Invest 2018» форумында қол қойылады деп жоспарларын отырған меморандумдар: Қостанай облысы әкімдігі және  қытайлық Hangteng Auto Co. Ltd. компаниясы арасында Қостанай облысы аумағында жеңіл автокөліктер өндірісін ұйымдастыру туралы меморандум, «AYTEI GROUP» Холдингтік компаниясы» ЖШС-мен Қостанай облысында тас кесу және өңдеумен, үстелдің үстіңгі тақтайын, ванна бөлмесіне арналған қолжуғыштарды, әрлеуге арналған плиткаларды жасап шығарумен айналысатын зауытты салу туралы меморандум.

Сонымен қатар, Қостанай облысы және «Bio Grain» ЖШС арасында Қостанай облысы аумағында дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеуге арналған хабты салуға арналған жол картасын қабылдау жоспарланған.

Форум сессиясында дөңгелек үстел форматында Қостанай облысының инвестициялық тартымдылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері, орталық және жергілікті деңгейде мемлекет тарапынан инвестициялық қызметке көрсетіліп отырған қолдау шаралары, сондай-ақ, инвестицияларды тартумен байланысты аймақтық жүйенің ерекшеліктері талқыланады.

Іс-шара соңында өтетін «ШОБ кәсіпкерлеріне арналған жаңа мүмкіндіктер» шеберлік сабағында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстанда және Моңғолияда ШОБ-ты қолдау бағдарламасы бойынша өкілі Малиновская Анастасия Николаевна, «ДАМУ» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрғазиев Ғалым Нұрғазиұлы, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік департаментінің директоры Ералин Азамат Ғабитұлы Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау жайлы ақпарат береді. Сондай-ақ, «Choco Family» Интернет-холдингінің (жобалар - Chocolife.me», «Chocofood», «Chocotravel», «Lensmark», «Idoctor», «Рахмет») ортақ негізін салушысы Рзалиев Нүркен  өз тәжірибесімен бөліседі.

13 қазанда «Kostanay-Invest 2018» форумы аясында қатысушылар Қостанай қаласының индустриалды аймағына барып, ауылшаруашылық техникасы және автокөлік көрмесіне қатысады.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper