18.10.2018 04:32

363.26
420.11
52.45
5.25
5.54
63.96


Забира Оразалиева, ӘМСҚ басқарушы директоры

Жұма, 26 Қаңтар 2018 10:49

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2 жылға шегерілуіне  байланысты қандай өзгерістер болады? Жарна төлеу міндетінен кімдер босатылады? Жалпы жаңа жүйедегі өзгерістер жайлы айтып берді.

 

- Өткен жыл соңында елбасы әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді екі жылға шегеру туралы заңға қол қойды. Мұндай шешім қабылдауға "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" 2,7 млн адамның жайы түрткі болған-ды. Бүгінде осы мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Дұрыс айтасыз, сақтандыру дәл осы "өз күнін өзі көріп жүрген" азаматтарға қатысты мәселені шешіп алу мақсатында кейінге шегерілді. Бірақ оны жалғыз ғана министрліктің шешуі мүмкін емес. Бұл тұтас үкіметтің мойнындағы міндет деп ойлаймын. Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу қажеттігі жайлы парламентте сақтандыру туралы заңға соңғы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген тұста сөз болды. Қор да аталған санаттағы азаматтарды сақтандырумен қамту мәселесінің қиындық тудыратынын айтқан болатын. 

Біз оларды сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен тарту тетіктерін қарастырдық. Негізі заңда қарастырылған 2020 жылға дейінгі өтпелі кезең дәл осы мақсатта енгізілген болатын. Бірақ соның өзінде бұл санаттағы азаматтар медициналық көмектен қағылмаған-ды. Яғни, олардың кепілдендірілген тегін көмекке қоса, амбулаторлық және жедел стационарлық көмек сынды өзге де қызметтерді ақысыз пайдалануына болатын еді. Ендеше, бұл санаттағыларға ең төменгі мөлшерде жарна төлеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілді деген сөз. Мысалы, жарна төлемеген адамның өзі сырқаттанып қалса бір жылдың қарызын өтеп, сақтандыру пакетін тегін пайдалана алады. Жақсы емес пе? Дегенмен, жұртшылық тарапынан айтылған сыни пікірлер мен елбасының тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Заңға өткен жылдың соңында қол қойылды. 2021-2022 жылдарға дейінгі екі жылдық өтпелі кезең жаңа заңда да сақталады. Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі кешенді түрде шешуді талап етеді. Бұл мәселені шешіп, қызметін заңдастырмағандарды көлеңкелі айналымнан шығару үшін цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, тұрақты жұмысы жоқ, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарды экономикаға тарту шараларын қолға алуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттің қолдауына шынымен зәру азаматтардың нақты саны анықталады. Олар кімдер? Шын мәнінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны қанша? Бұл жағын анықтау алдағы уақыттың еншісінде.

- Жүйе екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

- МӘМС кейінге қалдырылғанымен бізге жүктелген міндет көп. Жыл сайын елімізде Кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отырады. Нақтырақ айтар болсақ 916 млрд теңге. Биылдан бастап бұл қаржы бұрынғыдай министрлік жүйесі арқылы емес, Қор арқылы өтіп жатыр. Өйткені Қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарып келген болатын. 2018 жылдан бастап аталған комитет жұмысын тоқтатты. Сондықтан біз қазір заңда көрсетілген міндетімізді атқарып жатырмыз. Бұрын кепілдендірілген тегін көмекке бөлінетін қаржы әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінетін болса, биылдан бастап ол республикалық бюджетте шоғырланады. Бірақ басты артықшылық неде? Бұрын бюджеттен бөлінген қаржы мемлекеттік тапсырыс алған денсаулық нысандарына бөліп берілетін. Жалпы, қаржыны реттеу жүйесі бөлінген ресурсты таратып беруге негізделді. Тарифтің өзі дұрыс есептелген жоқ. 

Медициналық көмектің бір ғана түрінің өзі әртүрлі тарифтер бойынша қаржыландырылды. Өйткені қаржы әр өңірдің бюджетіне қарай бөлінді. Ал, әр аймақтың мүмкіндігі әртүрлі. Қазір біздің алдымызда тұрған үлкен мәселенің бірі осы. Сақтандыру қорының мақсаты тарифке қатысты ұсыныстар әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыну. Біз тым болмаса сол тарифтердің барлық жерде біркелкі болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Қордың басты міндеті науқастың құқығын қорғау. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ол - отандық денсаулық сақтау саласын сақтандыру жүйесін енгізуге дайындау. Біріншіден, ақпараттық жүйелерді дайындау керек. Екіншіден, өзін өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін бір жүйеге келтіру қажет.  

Сонымен қатар, біз былтыр қыркүйек айында аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатынбыз.  Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысып жатыр. Оның 43 пайызы – жеке меншік клиникалар. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да білікті мамандары мен заманауи технологиялар арқасында халық арасында бедел жинаған клиникалардың қызығушылық танытып отырғанын білдіреді.

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі кейінге шегерілді. Жарна төлеу тәртібінде қандай өзгерістер бар?

- Қолданыстағы заң бойынша, 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып жатқанын білесіз. Жаңа заң бойынша жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін аударым жасауды тоқтатпайды. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2 пайызы көлемінде аударым жасайды. Осы жерде бұл төлемдердің жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де ақшаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал, жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударым жасауды тоқтатпайды.

Ал, енді жеке тұлғалар қашан төлейді? Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Есіңізде болса, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда осындай келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуы тиіс-ті. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән беріп, нәтижесінде келісімшарт негізінде еңбек ететіндердің жарнасы едәуір төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%, ал, 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылды.

- Білуімізше, 10 млн жуық адам келер жылдан бастап бюджет есебінен сақтандырылуы тиіс болатын. Мемлекет жарнаны қай кезден бастап төлейтін болды?

- Иә, мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған,  тұрмысы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елімізде тұратын он миллионға жуық адам мемлекеттің қамқорлығына алынбақ. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы. Яғни, 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% құрамақ. Ендеше, бұл медициналық сақтандыруды енгізу арқылы мемлекет ұлт саулығы үшін жауапкершіліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдесе керек.

- Сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қор қанша қаржы жинады? Бұл қаржы қайда жұмсалады және қалай сақталады?

- Өткен жылдың шілде айынан қаңтардың 25-і аралығында МСҚ-ның Ұлттық банктегі шотына түскен қаржы көлемі 36 млрд теңгеге жуықтады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оны басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. "Біткен іске сыншы көп" демекші, бізді осы жағынан сынға алушылар баршылық. Соның бірі, мысалы, бизнесмендер ол қаржыны банкте құр сақтағанша пайдаға жарату қажет дегенді айтады. Енді бір пікірлердің дені енгізілмеген жүйеге қаржы жинап не керек дегенге саяды. Жалпы, сақтандыруды енгізудегі мақсат медицинаны қосымша қаржыландыру. Өйткені, бюджеттен бөлінетін қаржы технологиясы күн сайын қарыштап, тарифі шарықтап бара жатқан денсаулық сақтау саласына жетпейді. Бізде медицинаға бөлінетін қаражат ЖІӨ-нің екі пайызына да жетпейді. Бірақ халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамту үшін қосымша тағы 500 млрд теңге қажет. Оны бюджеттен бөлуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан әр сала берілген қаржыны барынша тиімді жұмсауға тырысуы керек. 2019 жылдың соңына қарай Қорға 150 млрд теңгедей қаражат түсуі тиіс. Егер осынша қаржы жиналатын болса денсаулық сақтау саласының "жыртығын жамауға" сеп болары анық. Жоғарыда мен айтқан 500 млрд теңгенің қалғаны 2020 жылдан бастап аударылатын жарналар мен аударымдар есебінен жабылар еді. Азаматтар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесінің жақсылықтарын сезіне бастауы тиіс.    

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper