19.11.2018 07:16

367.06
416.17
52.84
5.27
5.56
68.88


«Жас сарапшы-2017»: жылдың ең үздік жас маманы анықталды

Жұма, 04 Тамыз 2017 17:19

Астанада «Жас сарапшы-2017» жас мамандар республикалық байқауының жеңімпазы анықталды.

Жас мамандарға істеп жүрген жұмыстарынан бас тартпай, беделді еуропалық бизнес-мектепте білім алып, өз кәсіби деңгейлерін арттыруға мүмкіндік беретін байқауды «Болашақ» Ұйымы мен «Geneva Business School» үшінші жыл қатарынан бірлесіп өткізіп жатыр. 

Фото: Ақбота Мамажанова

 

Мақсаты – жас мамандардың ғылыми және сараптамалық қызметін ынталандыру, экономика, қаржы және бизнес салаларындағы білім деңгейі мен біліктілікті арттыру.

 

Фото: Ақбота Мамажанова

Биыл да «Жас сарапшы-2017» жас мамандардың республикалық байқауын дәстүрлі түрде 1 маусым күні жарияланып,  оған бакалавр дәрежелі және ағылшын тілін жетік меңгерген 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатысты.

Барлығы байқауға қатысу үшін 55 өтініш келіп түскен. Үш кезеңнен тұратын іріктеудің нәтижесінде финалға 10 адам өтті.

Фото: Ақбота Мамажанова

Олармен түрлі бағыттағы компаниялардың топ-менеджерлері, ғалымдар, «Болашақ» бағдарламасының экономикалық, энергетикалық және өзге де мамандықтарының түлектерінен құралған комиссия мүшелері жеке сұхбаттасу өткізді.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, комиссия мүшесі:

- Болашақ қауымдастығы Женева бизнес мектебімен бірге 3 жыл бойы білім саласындағы жобаны білімді, тәжірибесі бар, өздері MBA бағдарламасымен оқығысы келіп жүрген жас мамандарға үлкен мүмкіндік жасап келеді. Комиссия мүшесі ретінде сұхбаттасу оңай болғанымен, жеңімпазды анықтауға келгенде таңдау әрине қиын. Оның үстіне жеңімпазды бір ғана адам таңдамағандықтан, үміткерді барынша жан-жақты қарастырамыз. Байқауға әртүрлі адамдар келеді. Бірі грантты алып, тәжірибесін шыңдауға, шетелдік мұғалімдерден білім алуға  ниеттері көрініп тұрады. Бірі дайындалып келсе де, неге Женева бизнес мектебі, неге MBA бағдарламасымен оқығың келеді деген сияқты қарапайым сұрақтарға айқын жауап бере алмайтындары да кездеседі. Сондықтан біз сұрақтар қою арқылы үміткердің мақсатын ғана емес, өмірлік тәжірибесін, ұстанымын көруге тырысамыз. 

  

АЗАМАТ БОЖАКОВ, «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры:

- 2015 жылдан бастап Женева бизнес мектебімен бірлесіп Республикалық жас мамандардың «Жас сарапшы» байқауын өткізіп келеміз. Мұнда 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатысады. Жыл сайын MBA дәрежесі бойынша білім алуға мүмкіндік беретін гранттарды ойнатамыз. Жылдан жылға байқауға қатысушылардың саны артып келеді. Бұл білімін жетілдіргісі келетін жастардың көбейіп келе жатқандығының көрсеткіші деп білеміз. Қатаң сараптаудың нәтижесінде бүгін комиссия мүшелері ең үздік 10 адаммен сұхбаттасу өткізіп, ең алғыр жас маманды таңдады. 

 

РАУШАН ҚАНАТОВА, Астана қаласындағы Geneva Business School өкілдігінің академиялық үйлестірушісі:

- Geneva Business School швейцариялық банкирлер ашқан жеке мектеп. Білім нарығында тоқсан бесінші жылдан бастап бармыз. Бізге 21 жыл болды. Ал қазақстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Алғашқы жылы студенттерді бакалавр бойынша Женева мен Барселонаға жіберген болатынбыз. Ал 2015 жылдан бастап Қазақстанда MBA оқу бағдарламасын іске қостық. Қазіргі уақытта біз “Болашақ” қауымдастығымен бірлесіп үшінші жыл қатарынан Республикалық «Жас сарапшы» байқауын өткізіп келеміз. Байқауға биыл өткен екі жылға қарағанда өзгеріс енгіздік. Былтырлары үміткерлер бірінші турда эссе жазып, екінші турда бизнес-кейстерді шешіп, үшінші турда сұхбаттасудан өтетін. Ал биыл олар құжаттарды тапсыру барысында бірден бизнес-кейстерді шешуге кірісіп кетті. Екінші кезеңде бизнес ойын ойнап, одан өткендер сұхбаттасуға барды.

Geneva Business School өкілінің айтуынша, жеңімпаздарға 1 толық және 75% пайыздық 2 грант беріледі. Грантты иеленген жеңімпаздармен міндетті түрже келісім шарт жасалады. Себебі, оқуға түсткен үміткер сабағына немқұрайлықпен қарап, емтихандардан өте алмаса қаржылай жауапкершілкке тартылады. Алайда қазіргі уақытта ондай жағдай кездеспеген. 

Оқу бір жарым жылға созылады. Барлығы 18 модул болады, оның 12-сі жалпылама болса,  6 модульді салалық бағытта оқиды. Оқытушылардың 80 пайызы Женева мен Барселонадан арнайы шақыртылады. Америкадан да арнайы шақыртумен келетін ұстаздар бар. Студенттер 1 жыл оқудан кейін, жарты жыл магистрлік диссертациясын жазады. Диссертация  жазу барысында оқу тоқтатылып, олар толықтай зерттеулеріне кіріседі.  Оқу аяқталғаннан кейін барлығына Швейцариялық нұсқадағы диплом беріледі.  

Фото: Ақбота Мамажанова

5 сағатқа созылған сұхбаттасудың нәтижесінде байқау комиссиясының мүшелері жеңімпазды таңдады. Сөйтіп, биылғы «Жас сарапшы-2017» жас мамандардың республикалық байқауының жеңімпазы Софья Зигангирова атанып, ол MBA бағдарламасы бойынша Geneva Business School астаналық өкілдігінде оқу грантының иегері атанды.

Фото: Ақбота Мамажанова

Ал 2 және 3 орын иегерлері атанғандар Батыр Мукушев және Сергей Постольскийге Geneva Business School осы бағдарламада оқуға 75% жеңілдікті ұсынды.

Сондай-ақ, қалған 6 лауреатқа Geneva Business School астаналық өкілдігінде оқуға 50% жеңілдік берілді.

Фото: Ақбота Мамажанова

СОФЬЯ ЗИГАНГИРОВА, «Жас сарапшы-2017» байқауының жеңімпазы:

- Мен кәсіби шахматшы болатынмын, сол аралықта тіл үйрену мақсатында аудармашылықты оқыдым. Сөйтіп, уақыт өте келе кәсібімді аудармашылыққа алмастырдым. Қазір аудармамен айналысатын компания ашып жұмыс істеудемін. Одан бөлек құрбым екеуіміз негізін қалаған шахмат мектебінде дәріскер, әрі жаттықтырушымын. Мен бұрыннан білімімді жетілдіру үшін MBA дәрежесін алу керектігін түсінетінмін. Себебі, ол менің кәсібіме қажетті. Сондықтан мен жарты жылдай мектептерді таңдап жүрдім. Бірнеше мектептердің ішінен таңдауым осы Женева бизнес мектебіне түсті. Содан құжаттарымды тапсырғалы жүргенімде «Жас сарапшы» байқауының өткелі жатқандығын Facebook әлеуметтік желісінен көріп қатысуға бел будым. Әрине оңай болған жоқ, әсіресе ең қиыны сұхбаттасу кезеңі болды. Алайда өзімді жақсы көрсете алдым деп ойлаймын. Сөйтіп бүгін жеңіске жеттім. Енді өзіме өте қажетті болып жүрген мамандығым бойынша тегін білім алуға мүмкіндігім бар.  

Qainar.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары «ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңымен қорғалады. Материалды көшіріп жариялау редакцияның рұқсатымен жүзеге асады және Qainar.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper