22.07.2018 21:56

346.68
404.02
51.15
5.1
5.47
72.23


Ерік Байжүнісов: Медицинаны бизнеске айналдыруға болмайды

Сәрсенбі, 25 Сәуір 2018 18:17

Денсаулық сақтау саласын жаңғырту нәтижесінде үнемделетін 200 млрд теңгені қайда жұмсауға болады? Денсаулық сақтау саласының жұмысын жақсарту жолдары қандай? Неліктен саланың коммерциялануына жол беруге болмайды? Бұл сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов жауап береді.

Экономикалық тұрақсыздық салқынын ең алдымен, денсаулық сақтау саласы сезеді. Әсіресе, қаржы тапшылығы алқымнан алатын дағдарыс тұсында саланың жағдайы қиындай түсетіні рас. Себебі, мемлекет экономика өрлеп,  «төрт құбыласы түгел» боп тұрған шақта азаматтарды сапалы медициналық көмекпен қамтуды өз мойнына алып, бюджетке ерекше міндеттер жүктейді: жаңа ауруханалар салады, соны үлгідегі қымбат қондырғылар сатып алады, шығындана жүріп инфрақұрылым тартады, ел қазынасы есебінен төленетін қызметтер санын көбейтеді. Ал, экономика тығырыққа тірелген тұста осы міндеттемелер мен қаржылай мүмкіндіктің бірін таңдауға тура келеді. Міне, біздің денсаулық сақтау саласындағы қазіргі ахуал мен сектордың аяғына тұсау болып отырған проблемалардың бәрі осы фактордан туындап отыр.  

Медицина және қаржы

2018 жылы мемлекет медициналық көмек көрсетуге деп 917 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл - ІЖӨ-нің 2 процентіне де жетпейді. Өкінішке орай, соңғы 10 жылда бұл қаржы көлемі кемімесе артқан жоқ. Салаға ең көп қаржы бөлінген жыл - 2009 жыл болатын. Оның өзінде 2,6 проценттен аспай, қаржы жетпегендіктен халықтың сұранысын толық өтеу мүмкін болмады. Ал, мемлекет тарапынан берілген кепілдіктің көбі қағаз жүзінде қалып қойды. 

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдері денсаулық саласына ІЖӨ-нің 8 процентке жуығын бөледі. Ал, ДДСҰ талабы бойынша ұлт саулығына бөлінетін қаржы 7 проценттен төмен болмауы тиіс, әйтпесе, салада қарапайым халықтың қалтасын қағатын заңсыз төлемдер көбейіп кетпек.

Мемлекеттің қазіргідей дағдарыс кезінде Медициналық сақтандыру қорын құрып, денсаулық үшін ортақ жауапкершілікті қолға алуы тегін емес. Себебі бұл жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтардың жауапкершілігін арттырады.    

Жалпы, біз үлгі тұтатын дамыған елдерде ешқашан тегін, бюджеттік медицина деген болған емес. Олардың бәрі де ақылы медицинадан бірте-бірте сақтандыру үлгісіне көшкен және мемлекет тұрмысы төмен отбасылар үшін жауапкершілікті үнемі арттырып отырған. Ендеше, біз қабылдаған жүйенің әлеуметтік тұсы басым және оның классикалық сақтандырудан басты айырмашылығы да осында.

Мүмкіндіктер мен кепілдіктер

Біздің есебімізше, еліміздің денсаулық сақтау саласына шамамен 800 млрд теңгеден астам қаржы жетпейді.

Мәселен, емханалар деңгейінде барлығы 1994 медқызмет көрсетіледі. Осы қызметтердің әрқайсысы үшін емханаға тіркелген әр адамға 955 теңге бөлінген. Іс жүзінде халық 2521 теңгенің қызметін тұтынады. Яғни, емханаларға бөлінген қаржы жеткіліксіз, әрбір тіркелген тұрғын үшін дефицит - 527 теңгені құрап отыр. Ал, республикалық деңгейде алғанда 358 млрд теңге қаржы жетпейді.

Стационарларға 126 млрд теңге, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуға - 64,3 млрд теңге, онкология саласына - 21 млрд теңге жетпей жатыр. Бір жағынан, проблема қаржының аздығында ғана емес. Жалпы, денсаулық сақтау саласының шығынын әсіресе, дағдарыс кезінде мемлекеттің есебінен жабу мүмкін емес. Міне, мәселе осында. Сондықтан осы жерде мемлекеттің бұрынғы міндеттемелерінің қайсысын тізімнен алып тастауға болады деген сұрақтың туындауы заңдылық.

Ең алдымен мемлекет ірі-ірі ауруханалар мен емханалар құрылысын тоқтатып, оларды мемлекет-жеке меншік әріптестік принципіне ауыстырып жатыр. Алайда, мемлекет-жеке меншік сала әріптестігі экономикалық тұрақтылықты және үкімет тарапынан белгілі бір кепілдіктерді талап етеді. Бірақ қаржылық дағдарыс кезінде ол жағы қиынға түседі. Еліміздегі мемлекет-жеке меншік әріптестігінің даму қарқынының мандымай отырғанының бір себебі осы.

Қымбат қондырғыларды сатып алу тоқтатылып, денсаулық сақтау нысандарын жекешелендіру басталды.

Бірақ бұл шаралар саланың тиісінше қаржыландырылуына ықпал ете алмайды. Себебі, халық санының өсуі, азаматтардың өмір жасының ұзаруы сынды көптеген фактор салдарынан денсаулық саласының шығыны еселене түспек.

Оның үстіне, медицина үнемі жаңғыртып, жаңартып отыруды талап етеді. Осыдан 5-10 жыл бұрын сатып алынған техниканың бәрі бүгінде ескірді. Ол да аз шығынды қажет етпейді.

Бір қарағанда, бұл проблеманы шешу үшін бюджеттен көл-көсір ақша бөліп, саланы қалдық принципі бойынша қаржыландыру дәстүрін жалғастыруға болатындай көрінуі мүмкін. Көптеген елдерде, соның ішінде байлығы үрім-бұтағына жететін араб елдерінде денсаулық сақтаудың дәл осындай үлгісі сақталған. Бірақ сарапшылар денсаулық сақтау саласын экстенсивті жолмен дамыту ерте ме, кеш пе қиындықтарға душар болатынын мойындайды. Айтуларынша, күндерің бір күнінде мемлекеттің міндеттемелері мен қаржылай мүмкіндіктері бір-біріне сәйкес келмей қалуы ғажап емес. Сол себепті көптеген елдер медицинаны қосымша қаржыландыру тетіктеріне белсенді түрде көшіп жатыр.

Ішкі резервтер

ДДСҰ мәліметінше, денсаулық сақтау саласына арналған қаржының 40 процентке жуығы тиімсіз пайдаланылады және бұл әлемнің барлық елдеріне тән проблема.

Себебі, медицина табыс көзіне айналған нарық жағдайында ауруханалар мен емханалар бағасы қымбат, табысы мол қызметтерді арттыруға күш салады. Бұған еліміздегі кардиохирургия және трансплантология саласының қарыштап дамуы дәлел. Мұнда оңтайлы тарифтердің арқасында медицина ұйымдары арасындағы бәсекелестікті дамытуға барынша жағдай жасалған. Гемодиализ, онкология, буындарды эндопротездеу саласына қатысты жағдай да осыған ұқсас.

Денсаулық сақтау шығындарын сараптай келе, тиісті жағдай жасалса  саланың өз ішінде біраз қаражат үнемдеуге болатынына көз жеткіздік. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму елдерінде пациенттің ауруханада жату уақыты орта есеппен 6,8 күн, Түркияда - 4 күн, Ұлыбританияда пациенттердің 70 проценттен астамы стационарда бір күннен артық жатпайды. Ал, Қазақстанда – 8,3 күн. Осы көрсеткішті Экономикалық ынтымақтастық елдерінің деңгейіне дейін қысқартсақ еліміз бойынша 49 млрд теңгеге жуық қаржы үнемделіп, қайта бөліске салуға мүмкіндік туар еді. 

Бірақ, бұл стационарлар үшін тиімсіз. Өйткені, әзірге ешқандай мотивация жоқ. Оған қоса, бізде 869 диагноз бойынша науқастар стационарда жатып емделуі тиіс. Егер тиісті жағдайды жасап, осы диагноздарды емхана деңгейінде емдейтін болсақ 17 млрд теңгеден астам қаржы үнемделеді. Пациентті жоспарлы емге жіберер кезде біз оны 20-дан астам өлшем  бойынша (анализ) тексереміз. Оның бір бөлігін стационарға жатқан кезде тағы қайталаймыз. Салдарынан емханада да, стационарда да кезек көбейеді. Осы процесті оңтайландыратын болсақ қосымша 6 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдер едік. Әбден тозығы жеткен, бағасы да арзан тұрмайтын диспансерлеу принциптерін қайта қарар болсақ, мемлекеттің 40 млрд теңгесі үнемделіп, ол денсаулық сақтау саласының басқа бір жыртығына жамау болар еді.

Сонымен, шығындарды қайта қарау арқылы үнемделетін қаржы көлемі 200 млрд теңгеден асып жығылуы тиіс. Бұл қаражатты алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен стационарлардың тарифін көтеруге, жоғары технологиялы медициналық қызметтерді дамытуға және тағы басқа мақсаттарға жұмсауға болады. Бірақ ол аталған процестерді реттейтін бірқатар нормативтік актілерді қабылдауды қажет етеді.

Келешек жоспарлар жайлы

Қолда белгілі бір ресурстар бар, халықтың сұранысы мен қанша қаржы жетпейтінін анықтадық. Енді қосымша қаржы көзін іздеу қажеттігі туындайды. Оның бірден-бір жолы - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу. Шыны керек, заң арқылы бекітілген төлемдер жақын болашақта халықтың, саланың сұраныстарын толық қанағаттандыруға мүмкіндік бермейді. Қаржыландыру қарқыны қазіргі деңгейде өсіп отыратын болса, 2020 жылға қарай ІЖӨ-нің 2,4 процентіне жетпек. Ендеше, ресурс үнемдеу режимі нәтиже беруі үшін ұзақ уақыт қажет деген сөз.

Қазір стационарлардың қызмет ақысы емделген әр науқас үшін төленеді. Яғни, әр пациент - аурухана үшін қаржы көзі. Соған қарамастан, заңсыз төлемдер тоқтамай, клиникалардың басшылары болса қаржы тапшылығына шағымданумен келеді.

Біз биыл тұңғыш рет ауруханалардың қызметтерін сатып алдық. Нәтижесінде мемлекеттік емханалар мен жеке меншік клиникаларда қаржыны әкімшілендіру және басшылық ету тәсілдерінің бір-біріне ұқсамайтынына көз жеткіздік. Солтүстік өңірдегі облыстық ауруханалардың бірінде әкімшілік-басқарушы қызметкерлер саны 50 адамнан асып жығылады. Олар небәрі 32 (!) дәрігерге басшылық етеді. Ұйым жетекшісінің орынбасарының саны - 4. Ал, кейбір ауруханаларда орынбасарлардың саны - 5. Аурухана қызметкерлерінің бәрінің жалақысын қосқанда басқарушы персоналдың жалақы қорына жетпейтін жағдайлар да кездесті. Әлбетте, ауруханада өткізген сағаттары үшін болмашы ғана айлық алатын дәрігерлер жұмыс сапасын жақсартуға мүдделі емес.

Енді салыстырып көрелік: жеке меншік медицина орталықтарының бірінде жұмыс істейтін 200-ден астам дәрігерге 12 адам басшылық етеді. Дәрігерлердің жалақысы емдеген пациенттерінің санынан пайыздық үлес есебінен төленеді. Маманның кәсіби деңгейі қанша жоғары болса, оның алатын үлесі де соншалықты жоғары.

Сондықтан жүйеге қатысушылардың бәріне теңдей жағдай жасамайынша дәрігерлердің мемлекеттік емханадан жеке клиникаға ағылу процесін тоқтату мүмкін емес. Және бәсеке қалыптастырмай жүйені пациенттің қажеттіліктеріне қарай бейімдей алмаймыз.

Дей тұрғанмен, бұл процесте «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің» жолдарын қарастырған жөн. Себебі, медицинаны бизнеске айналдыруға болмайды. Оның соңы дәрігер мен пациент арасындағы қарым-қатынастың коммерциялануына әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда көптеген пациенттер жүргізілген ем мен диагностиканың дұрыс-бұрысығын екшей алмайды. Медицина коммерцияланатын болса, гипердиагностика мен дәрі-дәрмекті жөн-жосықсыз тағайындау саланың басты проблемасына айналмақ. Сондықтан осы процесті қадағалап отыратын бейтарап бақылаушылар мен сарапшылар қажет. Бұл міндетті мамандандырылған мемлекеттік клиникалар мен Медициналық сақтандыру қорының тәуелсіз сарапшылары атқара алады. Көптеген елдердің медицинаны толығымен мемлекет бақылауынан шығарудан бас тартуын осы фактормен түсіндіруге болады.

Қорытар болсақ, ресурстарды барынша үнемдеп, дұрыс бөліске салу, қосымша қаржы көздерін табу денсаулық сақтау саласының тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Өз кезегінде, бұл саладағы түйінді мәселелерді мемлекеттен қосымша қаржы бөлмей-ақ шешуге мүмкіндік береді. Мұның әсіресе, қазіргідей дағдарыс кезінде маңызы зор.

Сұхбаттасқан: Әйгерім РАҚЫМЖАНҚЫЗЫ

comments powered by HyperComments

Жұмыс

<
1 - 10
>
JoomShaper